ИКАО Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі деңгейін жоғарылатты
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның Авиациялық әкімшілігімен бірлесіп жүргізген жұмысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) аудиторлары жоғары бағалады.
Осылайша, 2021 жылдың тамыз айында жүргізілген тексерудің алдын ала нәтижелері бойынша Қазақстан ұшу қауіпсіздігі жөнінен ИКАО стандарттарына сәйкестіктің орташа әлемдік деңгейінен 15%-ға асып, 84%-ға жетті.
ИКАО стандарттарына сәйкестіктің артуы мына салаларда байқалды:
- Негізгі авиациялық заңнама (LEG) — 61%-дан 81%-ға дейін;
- Азаматтық авиация ұйымы (ORG) — 37%-дан 75%-ға дейін;
- Аэронавигациялық қызмет көрсету (ANS) — 87%-дан 95%-ға дейін;
- Әуе айлақтары және жердегі қызмет көрсету (AGA) — 56%-дан 90%-ға дейін; - Авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру (AIG) —
47%-дан 53%-ға дейін.
Осылайша, Қазақстан Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігіне (EASA) мүше елдер үшін ИКАО стандарттарына сәйкестіктің орташа деңгейіне қол жеткізді. Қазіргі уақытта осы көрсеткіш бойынша біз Нидерланды — 87%, Бельгия — 87%, Португалия — 87%, Чехия — 87%, Латвия — 86%, Дания — 85%, Исландия — 84%, Польша — 84%, Словения — 82%, Кипр — 82% сияқты елдермен бір қатарда тұрмыз.
Бұл тексеру ұшу қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылауды ұйымдастыру бойынша осыған дейін жасалған ескертулерді жоюда Қазақстанның қол жеткізген прогресін бағалауға бағытталған. ИКАО аудиторлары Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі жүргізген табысты жұмысты, сондай-ақ басқарудың жаңа тәсілі іске қосылғаннан бері қол жеткізілген елеулі ілгерілеуді атап өтті. Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі бойынша елеулі ескертулердің болмауы әуе компанияларына үшінші елдердің пайдаланушысы авторландырылғаннан кейін Еуропалық Одақ елдеріне рейстерді еркін орындау мүмкіндігін береді.
Бүгінгі таңда Қазақстанға отандық әуе компанияларын Еуропалық комиссияның «қара тізіміне» енгізу және шет елдерге ұшуға санкцияларды немесе шектеулерді қолдану қаупі төнбейді.